Accessibility links

Алматыда "Азаттық" сыйлығы тапсырылды


"Азаттық" сыйлығын тапсыру рәсіміне жиналған адамдар. Алматы. 31 мамыр, 2016 жыл.

"Азаттық" сыйлығын тапсыру рәсіміне жиналған адамдар. Алматы. 31 мамыр, 2016 жыл.

Алматыда бұрынғы НКВД ғимаратының алдындағы аллеяда бір топ қоғам белсендісі мен азаматтық белсенді саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, демократияның дамуы мен азаматтық қоғам құруға үлес қосып жүрген азаматтарға "Азаттық" сыйлығын тапсырды.

Биыл бұл сыйлық "Журналистер қауіп-қатерде" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Розлана Таукинаға, оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакторы, қамауда отырған Гузяль Байдалиноваға және бард әнші, ақын Жанат Есентаевқа берілді. Есентаев қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы бойынша ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру") айыпталып, 19 мамырда екі айғка қамалған.

Сыйлықты оппозицияшыл саясаткер Жасарал Қуанышәлин мен журналист Рамазан Есіргепов тапсырды. Таукинаға сыйлық қолына тапсырылды. Ұйымдастырушылар Байдалинова мен Есентаевқа сыйлық кейінірек берілетінін айтты.

2009 жылы "Азаттық" сыйлығын алған Рамазан Есіргепов Қазақстан билігіне жер мәселесіне қатысты митинг қарсаңында ұсталған азаматтық белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап еткен үндеу оқыды.

Сыйлық тапсырар алдында белсенділер аллеядағы қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш орнатылады деп қойылған қара тасқа гүл шоқтарын қойды.

Мұның алдында қала әкімдігі қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу шарасын өткізген.

"Азаттық" сыйлығы 2003 жылдан бері демократияның дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға беріліп келеді. Былтыр бұл сыйлыққа диссидент Кәрішал Асанов, жабылған Adam Bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева және саяси эмигрант Мұратбек Кетебаев ие болған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG