Accessibility links

АҚШ Еуропада теракт болуы мүмкін екенін ескертті


Брюссель көшелерінде жүрген қауіпсіздік күштері (Көрнекі сурет).
Брюссель көшелерінде жүрген қауіпсіздік күштері (Көрнекі сурет).

АҚШ азаматтарын Еуропада биыл жазда терактілер болуы мүмкін екенін ескертіп, шабуыл нысанасы Францияда футболдан Еуропа біріншілігі өтетін уақыттағы халық көп жиналатын орындар болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

10 маусымда Парижде басталатын жарыс бір айға созылады және болжам бойынша оған екі миллионға тарта адам бармақ. "Біз азаматтарды Еуропада теракт болуы қаупі барын ескертеміз. Шабуылда көпшілік шаралар, мейрамханалар, бизнес орталықтары мен қоғамдық көліктер нысанаға алынуы мүмкін" деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаменті.

Ескерту тамыздың соңына дейін күшінде қалмақ. Мәлімдемеде сонымен қатар Еуропа біріншілігі өтетін стадиондар, фанаттар жиналатын аймақтар және Франция мен жалпы Еуропадағы біріншіліктен трансляция жасалатын орындар террористер шабуылына ұшырауы ықтимал екені айтылады.

АҚШ мемлекеттік департаменті кейбір жекелеген елдерге немесе тұтас құрлыққа мұндай ескертулерді үнемі жасап тұрады. Соңғы ескерту 22 наурызда - Брюссельдегі шабуылдардан соң жасалған және оның мерзімі маусымда аяқталуы тиіс. Мемлекеттік департамент баспасөз хатшысы Джон Кирбидің хабарлауынша, бұл ескерту - алдыңғы жасалған ескерту мерзімін жедел түрде ұзарту болып саналады.

XS
SM
MD
LG