Accessibility links

"Араша" Атырау прокурорларымен кездесті


"Араша" құқық қорғаушылар мен белсенділер тобы Атырау облыстық прокурорларымен кездесіп отыр. Атырау, 1 маусым 2016 жыл.
"Араша" құқық қорғаушылар мен белсенділер тобы Атырау облыстық прокурорларымен кездесіп отыр. Атырау, 1 маусым 2016 жыл.

1 маусымда Атырауға келген "Араша" бастамашылар тобының мүшелері Рысбек Сәрсенбай, Гүлжан Ерғалиева, Жанболат Мамай, Гүлмира Қуатбекова және Әсел Нұрғазиева облыс прокурорларымен кездесті.

Олар Атырау облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Сауғабаевтан 24 сәуірде Атырауда өткен үкіметтің жер реформасына қарсылық митингісінен соң қамауға алынған белсенділердің ісіне қатысты түсініктеме беруді сұрады. Прокурор орынбасары оппозициялық белсенділер мен құқық қорғаушылардан тұратын топқа сот алды тергеуіне сілтеме жасап, "тергеу құпиясын аша алмайтынын" айтты.

Бауыржан Сауғабаевтың сөзінше, белсенділерге тағылған "билікті басып алмақ болды, жаппай тәртіпсіздік жасады" деген айыптардың қандай айғаққа негізделгені де құпия.

- Заң бойынша қылмыстық іс екі ай ішінде тергеледі. Мен заңгермін. Бал ашпаймын, демогогиямен айналыспаймын, - деді Атырау облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Сауғабаев.

Ол «Араша» өкілдерінің қамаудағы белсенділермен жүздесуге рұқсат беру туралы өтініштерін қанағаттандырудан бас тартты.

- Құқығымыз жоқ, рұқсат беру қай органның өндірісінде болса, сол орган ғана бере алады, - деді ол.

Кездесуге қатысқан Атырау қаласының прокуроры Руфхат Құттықовтың айтуынша, 21 мамыр күні көшеде ұсталып, саусақ іздері алынып, суретке түсірілген тұрғындардың ешқайсысы арызданбаған. Ол өзінің қамаудағы атыраулық үш белсенді Макс Боқаев, Талғат Аян және Ерлан Башақовқа ескерту қағазын қолымен бергенін айтты. Оның сөзінше, Макс Боқаевқа Исатай - Махамбет алаңы митинг өткізетін жердің қатарына жатпайтыны айтылса да, белсенді сол жерге елді жинаған.

- Әкімшілік сот оларды жауаптады. Біз ол дәйектермен келістік, - дейді прокурор.

24 сәуірде үкіметтің жер кодексіне өзгерту енгізу арқылы ауылшаруашылық жерлерін сату және жалға беру жоспарына наразылық білдірген Атыраудағы ең ірі митингіден соң 10 адам жауапқа тартылған еді.

Макс Боқаев пен Талғат Аян алдымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 күнге қамалып, кейін "билікті құлтпақ болды" деген айыппен күдікті ретінде қамауға алынған. Ерлан Башақов 3 маусымға дейін 15 күнге қамалып, әкімшілік жазасын өтеп жатыр. Сот шешімі бойынша Ғатауғали Бохан, Сағынғали Қапизов және Құбайдолла Шолақ қылмыстық кодекстің 179-бабының 2- бөлімі - "билікті басып алу, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту" айыбы бойынша екі айға абақтыға қамалып және үй қамаққа түскен. Кейін Боханов кепілге шығарылып, қалған екеуін үй қамақта ұстай беру туралы сот қаулысы шыққан.

Атыраудағы жер мәселесі бойынша митинг Қазақстанның басқа бірнеше қаласында жалғасын тауып, оның соңы 21 мамыр күнгі стихиялы қарсылыққа ұласқан. 21 мамырда Алматы мен тағы бірнеше қалада наразылық акциясына шықпақ болған тұрғындар жаппай ұсталған. Бұдан соң 26 мамырда бір топ құқық қорғаушы, оппозициялық белсенді мен журналист қамауға түскен белсенділердің құқығын қорғайтын "Араша" ұйымын құрған.

XS
SM
MD
LG