Accessibility links

Алматы: "Алғабас" ықшамауданында үй қоршалды


"Алғабас" ықшамауданындағы тұрғындары көшіріліп, апатты жағдайда тұрған үй (оң жақта). Алматы. 2 маусым, 2016 жыл.
"Алғабас" ықшамауданындағы тұрғындары көшіріліп, апатты жағдайда тұрған үй (оң жақта). Алматы. 2 маусым, 2016 жыл.

Алматы қаласындағы "Алғабас" ықшамауданында 1 маусым күні кешке көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары көшіріліп, ғимарат қоршауға алынды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, "Алғабас-6" ықшамауданындағы тоғыз қабатты үйді қазір полиция қоршап күзетіп тұр. Үй тұрғындарының эвакуацияланғаны жайлы айтылады. Қоршау маңында өрт сөндіру, жедел жәрдем, газ қызметі көліктері байқалады. Төтенша жағдай қызметі, полиция, жәдел жәрдем өкілдері Азаттық тілшісіне болған оқиға жайында түсінік беруден бас тартты.

Тұрғындардың айтуынша, 1 маусым күні сағат 18:30-дан кейін осы ықшамаудандағы 1/136 үйде тұратын адамдардың тізімі жасалып, олар эвакуацияланған. Кейбір мәліметке қарағанда, үй тұрғындары екі автобуспен қонақ үйлердің біріне әкетілген. Соңғы күндердегі жауын-шашын әсерінен үйдің жертөлесіне су кіріп, ғимараттың қисайғаны байқалған. Бұл үйдің пайдалануға берілгеніне көп болмаған. Тұрғындардың бірі өзінің осында өткен жылдың қыркүйек айынан бері тұратынын айтқан. Қаладағы Алатау ауданына қарайтын "Алғабас" ықшамауданының бұл бөлігінде тұрғын үй құрылысы әлі жүріп жатыр.

Қазір үй маңы арнайы ленталармен қоршалып, жол-патрульдік полициясы күзетіп тұр. Ғимарат маңында төтенше жағдай қызметі екі палатка тігіп қойған. Азаттық тілшілері оқиға орнына барған түнгі сағат 1:30 шамасында 1/136 үйге жапсарлас үйдегі бірнеше пәтерде жарық жанып тұрды.

2012 жылы Қарағанды қаласында «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі бес қабатты үйлердің бірі құлап қалған еді. Қарағандыдағы үй үлескерлердің ақшасына салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген.

XS
SM
MD
LG