Accessibility links

Астанада "Таблиғи жамағат мүшесі" 9 айға сотталды


Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты (Көрнекі сурет).

Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты (Көрнекі сурет).

Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 сотында экстремизм бойынша айыптар тағылған Мұрат Такаумовқа үкім шықты. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья Такаумовты қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы ("экстремизм немесе терроризмге қатысты тыйым салынған қоғамдық немесе діни ұйым қызметіне қатысу") бойынша айыпты деп танып, тоғыз айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сот үкімі бойынша ол жазасын қоныстандыру колониясында өтейді. Сонымен қатар Такаумовтан сот-сараптама шығындары ретінде 31 мың теңге өндіріп алынбақ.

Сотқа Такаумовтың анасы қатысты. Сотта судья Азаттық журналисіне суретке түсірмеу туралы ескерту жасады.

Такаумов сотта өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Оның анасы (Азаттыққа аты-жөнін айтудан бас тартты) сот үкіміне апелляциялық шағым беретіндерін айтты.

Такаумов 2015 жылдың 18 қарашасында Қазақстанда тыйым салынған "Таблиғи жамағат" діни ұйымына мүше болды деген күдікпен ұсталған. Ол ұсталғаннан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отыр.

Астана соты 2013 жылдың ақпанында «Таблиғи жамағат» діни ұйымын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Ел билігі «Таблиғи жамағат» ұйымының басты мақсаты Орталық Азия территориясында халифат құру деп санайды. 2013 жылдан бері елде ондаған адам осы ұйымға мүше болды деген айыппен сотталды.

XS
SM
MD
LG