Accessibility links

Тәжікстанда ТИҚП-тың екі белсендісіне өмірлік түрме жазасы кесілді


Саидумар Хусайни, Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы төрағасының орынбасары.
Саидумар Хусайни, Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы төрағасының орынбасары.

Тәжікстан жоғарғы соты бүгін елде тыйым салынған Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы" төрағасының орынбасарлары Саидумар Хусайн мен Мухаммадали Хайитті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сот оларды қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал Абдухалим Назарзоданың Тәжікстанда жасаған бүлігіне қатысы бар деп айыптады. Назарзода қауіпсіздік күштері жүргізген арнайы операцияда көзі жойылған.

Бұл іс бойынша істі болған өзгелері 14-тен 28 жылға дейінгі мерзімдерге сотталды.

11 мамырда өткен сот отырысында прокурор соттан Саидумар Хусайни мен Мухаммадали Хайитті және ТИҚП басшылығының үш өкілі - Киемиддин Авазов, Абдукаххор Давлат пен Рахматуллох Раджабты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Прокурор бас ТИҚП заңгері, сотталушылар ішіндегі жалғыз әйел - Зарафо Рахмониге бес жыл жаза кесуді сұраған.

Соттағы соңғы сөздерінде айыпталушылардың барлығы өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, соттан әділ үкім шығаруды сұраған.

ТИҚП-тың 13 мүшесі, оның арасында Саидумар Хусайни мен Мухаммадали Хайит 2015 жылы қыркүйекте билік Назарзодаға қарсы арнайы операция аяқталғанын хабарлаған соң ұсталған.Тәжікстан билігі ТИҚП-ты қарулы бүлікке қатысы бар деп айыптайды. Тәжікстан жоғарғы соты 2015 жылы 29 қыркүйекте ТИҚП-ты террористік және экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған.

ТИҚП-тың шетелде қуғында жүрген төрағасы Мухиддин Кабири өзі мен партия басшыларына тағылған айыптың саяси астары бар дейді.

XS
SM
MD
LG