Accessibility links

Сот Боқаев пен Аянды тағы екі айға қамауға шешім шығарды


Азаматтық белсенді Макс Боқаев. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Бүгін Атырау қалалық 2-соты судьясы Гүлжихан Мутиева "рұқсатсыз жиын өткізді" деген айыппен 17 мамырда 15 күнге қамалған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды тағы екі айға қамауға шешім шығарды.

Судья осылайша ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің тергеушісі Әбуғалиевтің белсенділер "бостандыққа шықса, жасырынып қалуы, қашып кетуі не істің объективті тергелуіне кедергі келтіруі мүмкін" деген уәжін қолдады.

24 сәуірде Атырауда болған жер реформасына қарсы митингіде сөз сөйлеген Макс Боқаев пен Талғат Аян 17 мамырда "рұқсатсыз жиын өткізді" деген айыппен 15 күнге қамалған.

1 маусым күні Макс Боқаев пен Талғат Аянның қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлімі ("қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") және 179-бабының 2-бөлімі ("билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту") бойынша айыпталып, күдікті ретінде ұсталғандары белгілі болған.

Бүгінгі сотта Макс Боқаев өзіне бұл айыптың қандай қисынмен тағылғанын түсінбейтінін айтты.

24 сәуірде Атыраудан басталған толқу Қазақстанның өзге қалаларына тараған соң президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіне даулы өзгеріс енгізу туралы заңға мораторий жариялаған. Іле-шала үкімет құрған жер комиссиясына Макс Боқаевтың да кіргізілгені хабарланған. Бірақ ол комиссия жұмысына қатысудан бас тартқан.

"21 мамырда жер реформасына қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді" деген ақпарат тараған соң мамырдың 17-сінен бастап елдің әлденеше қаласында ұсталып, 10-15 тәулікке қамалған 30-ға тарта адамның өзгелері қазір бостандыққа шығып жатыр.

Боқаев пен Аянды екі айға абақтыға қамаған соттан фотогалерея:

XS
SM
MD
LG