Accessibility links

Атырауда Ерлан Башақов "қамаудан босатылды"


Ерлан Башақов, кәсіпкер. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл
Ерлан Башақов, кәсіпкер. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл

3 маусым түнгі сағат 23.00 шамасында жер мәселесіне байланысты 24 сәуірде Атырауда өткен жаппай наразылық митингісіне қатысқаны үшін 15 күнге абақтыға қамалған кәсіпкер Ерлан Башақовтың босатылғаны хабарланды. Оның жұбайы Айгүл Бекмембетованың Азаттыққа айтуынша, күйеуі қамаудан шыққаны туралы өзі хабарлаған.

- Әкімшілік жазаның мерзімі біткенін айтып босатқан. Бірақ уайымдап отырмын, - деді Айгүл Бекмембетова әлі үйіне жетіп үлгермеген күйеуіне алаңдап.

36 жастағы Ерлан Башақов Атырауда 24 сәуірде өткен "рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырушылардың бірі" деп айыпталған. Оған қатысты сот 20 мамырда Атырау қаласындағы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотында өткен еді.

Атыраудағы митинг ел бойынша қазіргі Қазақстан тарихындағы ең елеулі халық наразылығына ұласқан. Жергілікті белсенділер мен қарапайым тұрғындар үкіметтің ауылшаруашылық жерлерін аукцион арқылы жалға беру және сату жоспарына қарсы шыққан. Билік халық арасында кең тараған "жер шетелдіктерге сатылады" деген қауіпті сейілтуге тырысқан. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жерді жалға беру мен сатудың жаңа тәртібі белгіленген заң өзгерістеріне мораторий жариялауға мәжбүр болған. Мамыр айынан бері үкімет тарапынан жасақталған жер комиссиясы даулы мәселені шешу жолдарын талқылап жатыр. Комиссия құрамына енгізілген белсенділердің кейбірі оның жұмысына қатысудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG