Accessibility links

АҚШ-та әйгілі боксшы Мохаммед Әли қайтыс болды


Әйгілі боксшы Мохаммед Әли (Кассиус Клей).

Әйгілі боксшы Мохаммед Әли (Кассиус Клей).

АҚШ-тың Аризона штатындағы Феникс қаласының ауруханасында әйгілі боксшы Мохаммед Әли 75-жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол ондаған жылдар бойы Паркинсон дертімен ауырды. Марқұмды Кентукки штатындағы Луисвилл қаласында жерлейді деп хабарлады америкалық БАҚ.

1942 жылы америкалық суретшінің отбасында дүниеге келген Кассиус Марселлус Клей 12 жасынан бокспен шұғылданған. 1960 жылы Римде өткен жазғы Олимпиада ойындарында жартылай ауыр салмақта (81 келіге дейінгі) үздік өнерімен чемпион атанған.

Бұдан соң кәсіпқой боксқа ауысқан жас спортшы 12 кездесудің барлығын ұтып, 1964 жылы Сонни Листонды жеңгеннен кейін әлем чемпионы атағын алғаш рет иеленген. Сол жылы ол өз аты-жөнін Мохаммед Әли деп өзгерткен. 1967 жылы армия қатарына барудан бас тартқаны үшін оны чемпиондық атақтан айырып, АҚШ аумағында жекпе-жек өткізуге және елден шығуға тыйым салған. Бірақ, ол тыйымдар алып тасталған соң рингке қайта оралып, 1974 жылы Джордж Форманды нокаутпен жеңген Әли чемпиондық атақты қайтарып алған.

1978 жылы Леон Спинкстен ұтылған Мохаммед Әли сол жылы қарымта кездесуде оны жеңіп, әлем чемпионы атағын үшінші мәрте иеленді.

Ол күні бүгінге дейін бокс тарихында ауыр салмақта үш мәрте әлем чемпионы атанған жалғыз адам. Мохаммед Әли рингте өткізген 61 жекпе-жектің 56-сында жеңіске жетіп, оның 37-ін нокаутпен ұтқан.

XS
SM
MD
LG