Accessibility links

Грузия жеке құпияға қол сұғушыларға жауапкершілікті қатаңдатты


Грузияның Макарта елдімекеніндегі үйлердің бірі. 5 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Грузияның Макарта елдімекеніндегі үйлердің бірі. 5 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Грузия парламенті қылмыстық кодекске жеке немесе отбасылық құпияға қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту және ондай іс-әрекеттерді ауыр қылмыс санатына ауыстыруды көздейтін жоспарлы өзгертулерді үшінші оқылымда қабылдады. Парламенттің адам құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті әзірлеген заң жобасын қолдап 80 депутат дауыс берген.

Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа бап бойынша, отбасылық немесе жеке құпияларды заңсыз алу, сақтау, пайдалану, тарату немесе басқадай жолдармен қол сұққаны үшін төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын болады деп хабарлайды Азаттықтың Грузин қызметі «ИнтерпрессНьюс» сайтына сілтеме жасап.

Интернетте, соның ішінде әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдары немесе басқадай жолдармен көпшілікке жария ету арқылы жеке немесе отбасылық құпияларды заңсыз пайдаланғаны және таратқаны үшін бес жылдан сегіз жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы беріледі. Ал аталған іс-әрекеттерді пайдакүнемдік мақсатпен немесе бірнеше мәрте жасағандар алты жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Бұдан өзге, заң жобасына сәйкес, әлгіндей құпияны қызмет бабына, кәсіби міндетіне байланысты сақтау жүктелген адам жоғарыда аталған іс-әрекеттерді жасайтын болса немесе оларды қызмет бабын пайдаланып жасаса, онда жеті жылдан он жылға дейін қамау жазасы беріледі.

XS
SM
MD
LG