Accessibility links

Польшада демократияны қолдау шеруі өтті


Демократияны қорғау шеруіне қатысушылар. Варшава, 4 маусым 2016 жыл.

Демократияны қорғау шеруіне қатысушылар. Варшава, 4 маусым 2016 жыл.

Польшада сенбі күні демократияны қолдауға арналған жаппай шерулер өтті. Демократияны қорғау комитеті бұл шараларды елде тұңғыш рет ішінара өткен еркін сайлаудың 27 жылдығына орайластырып ұйымдастырды. Сенбідегі шерулерге коммунистік жүйе құлағаннан кейінгі кезеңде ел басқарған бұрынғы президенттері Александр Квасьневский мен Бронислав Коморовский қатысты. Ал 1989 жылғы өзгерістерден соң Польша президенті болған Лех Валенса «демонстранттарды шын жүректен қолдайтынын» мәлімдеген.

Бұған дейін Еуропа Одағы (ЕО) Польшадағы билік партиясының елдің сот жүйесіне енгізген өзгерістерін сынға алған болатын. Билікті сынайтындар осы өзгерістерден кейін конституциялық трибуналдың заңдарға талдау жасайтын мүмкіндігінен айырылғанын айтады. Бақылаушылар консерваторлық үкімет жүргізіп отырған саясат бұл елдің Еуропа Одағындағы дауыс беру құқығын тоқтатуға апарып соғуы мүмкін екенін айтқан.

Осы аптада Еуропа комиссиясы Польша үкіметіне елдегі «заң үстемдігіне қауіп төндіріп» отырғаны жөнінде ресми ескерту жасаған. Польша әділет министрі әрі бас прокурор Збигнев Зиоборо Еуропа комиссиясының ұстанымына «таңданыс пен қынжылыс білдіретінін» мәлімдеп, үкімет «ымыраға келу жолдарын іздестіруге» дайын екенін білдірген.

Польшада 1989 жылы 4 маусымда ұзақ жылдардан кейін тұңғыш рет өткізілген ішінара еркін сайлаулар нәтижесінде Лех Валенса жетекшілік ететін «Солидарность» қозғалысы кандидаттары айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Осы сайлаулардан кейін алдымен Польшада, кейін бүкіл шығыс Еуропа елдерінде коммунистік билік жүйесі күйреген болатын.

XS
SM
MD
LG