Accessibility links

Астанада қаңғыбас жануарларды қорғау акциясы өтті


Астанада бүгін биліктің рұқсатымен акцияға шыққан 20-дан аса адам қаңғыбас жануарларды өлтіруге тыйым салуға шақырды. Белсенділер балама шара ретінде қаңғыбас жануарларға стерилизация жасауды ұсынады.

Бүгінгі шараны жануарлар құқығын қорғау орталығы ұйымдастырған. Ресми тіркелмеген орталықтың өкілі Илья Науменконың Азаттыққа айтуынша, жануарлар тағдыры толғандырған сегіз адам әзірше қоғамдық негізде бірігіп отыр. Өзге адамдар бүгінгі акция туралы әлеуметтік желілерден естіп келген

Акцияда сөйлеген Илья Науменко қазіргі кезде Қазақстанның барлық қалаларында қаңғыбас жануарларды, негізінен ит-мысықтарды аулау шаралары жиілеп отырғанын айтты. Осы мақсатқа бюджеттен елеулі қаржы бөлінеді, бірақ қаңғыбас жануарларды аулау әдісін гуманистік деп атауға келмейді дейді белсенді.

– Жем-суына, дәрімен ұйықтатуға ақша бөлінеді, бірақ, кейде дәрінің орнына кәдуілгі темір сойылды қолданады. Олар итті ұстап, қатыгездік көрсетіп ұрып, соғып, денесін зақымдап, сосын өздерімен алып кетеді. Ол жануарды кемінде үш күн ұстап, қожайыны табылмаған жағдайда ғана өлтіріп, өлексесін жағып жібереді. Ал кейде жануарларды тірідей өртеген оқиғалар да болған. Бізде бұл туралы видеолар бар, әлеуметтік желіде жарияланған, - дейді Илья Науменко.

Оның пікірінше, Қазақстан жануарларды өлтірмей, стерилизация жасайтын «өркениетті еуропалық елдердің» тәжірибесін алуы тиіс.

– Біз қоғамға өз ит-мысықтарыңызды қараусыз тастамаңыздар, оларға стерилизация жасатқызып, жануарларыңызға қамқорлық танытыңыздар демекпіз. Себебі, жануарға қатыгездік өршіп тұр, біз оған қарсымыз, - дейді Илья Науменко.

Белсенділердің мәліметі бойынша, соңғы бірнеше жылда Қазақстанда он мыңнан астам ит пен мысық өлтірілген. Бұл Астанадағы жануарларды қорғау орталығы өткізген екінші акция. Сәуір айында белсенділер жануарларды циркте пайдалануға қарсы шара өткізген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG