Accessibility links

Ақтөбеде шабуыл жасағандар жайлы нақтыланған дерек айтылды


ВКонтакте әлеуметтік желісінде жарияланған бұл сурет 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбедегі атыс кезінде түсірілген деп сипатталған.
ВКонтакте әлеуметтік желісінде жарияланған бұл сурет 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбедегі атыс кезінде түсірілген деп сипатталған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі Ақтөбедегі террорға қарсы операция барысында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы жаңа деректер келтіреді. Енді ІІМ жексенбі күнгі атыс барысында «төрт қылмыскердің көзі жойылып», жетеуінің қолға түскені және екеуінің жаралы екені туралы хабарлады.

«Нақтыланған мәліметтер бойынша, қылмыскерлер «Паллада» қару дүкеніне қарулы шабуыл жасап, сатушы мен күзет агенттігі қызметкерін өлтірген, сонымен бірге оқиға орнына келген полиция патрулінің үш қызметкерін атып жаралаған. «Пантера» қару дүкеніне шабуыл кезінде қылмыскерлер дүкенге келген адамды өлтіріп, тағы біреуін жаралаған. Оқиға болған жерге жеткен полиция тобы шабуылдағандардың үшеуінің көзін жойып, біреуін қолға түсірген» деп хабарлаған ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев tengrinews сайты тілшісіне телефон арқылы.

Оның мәліметі бойынша, ұлттық гвардия әскери бөліміне шабуыл жасау үшін қарулы топ маршруттық автобусты басып алып, ондағы көлік жүргізуші мен жолаушыларды түсіріп тастаған. Одан соң автобуспен қақпаны соғып сындырып, территорияға өткен соң қарудан «бей-берекет оқ атып, әскери қызметкерлердің үшеуін өлтіріп, алтауын жаралаған».

Ақтөбеде полиция жексенбіде шабуылдағандардың қашып үлгергендерін іздестіріп жатыр. Бұған дейін бірнеше күдіктінің із жасырғаны туралы хабарланған. Полиция бұл оқиғаларға дәстүрлі емес діни ағымның радикалды өкілдерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам айтады.

XS
SM
MD
LG