Accessibility links

ІІМ: Ақтөбеде қаза тапқандар саны 17 адамға жетті


YouTube сайтында 5 маусымда жарияланған Ақтөбе көшесінде бетперде киген, қарулы адамдардың жүргені туралы видеодан скриншот.

YouTube сайтында 5 маусымда жарияланған Ақтөбе көшесінде бетперде киген, қарулы адамдардың жүргені туралы видеодан скриншот.

Ақтөбеде 5 маусымда екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімшеге "діни радикалдар тобы" жасаған шабуылдар мен одан кейінгі операциялар барысында қаза тапқандар саны 17 адамға жетті. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жараланғандар саны 13 адамға жетті.

5 маусымда Ақтөбеде түстен кейін бір топ қарулы адам "Паллада" қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, ол жерде сатушы мен күзет агенттігінің бір қызметкері қаза тапқан. Бұл шабуылдан дабыл бойынша дүкенге барған бір күзет қызметкері мен үш полиция қызметкері жараланған.

Ресми мәлімет бойынша, қарулы топ "Паллададан" шыққан соң екі топқа бөлініп, алты адамнан тұратын бір тобы "Пантера" қару-жарақ дүкеніне шабуылдаған. Бұл дүкенге шабуылдан дүкендегі бір адам қаза тауып, бір адам жараланған. Бұдан соң дүкенге барған полиция қызметкерлері шабуылдаған үш адамның көзін жойып, біреуін жаралап қолға түсірген. Екі адам қашып үлгерген. Қашқан екі адам кейін қала сыртынан табылып, көзі жойылған.

Екінші қарулы топ қаладан жолаушылар автобусын басып алып, ішінен жолаушыларды шығарып, Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімшесіне шабуылдаған. Әскери бөлім қақпасын бұзып өткен топ мұнда әскерилермен және полициямен атысқан. Атыстан үш әскери қызметкер оққа ұшып, алтауы жараланған. Мұнда шабуылдағандардың қарсылық көрсеткен бір тобы қоршауға алынып, екінші бөлігі бөлімше аумағынан қашып жасырынып үлгерген.

6 маусымға қараған түнгі жедел-іздестіру шаралары кезінде тағы бес күдіктінің көзі жойылып, екеуі ұсталған.

ІІМ ақпаратына қарағанда, қазір шабуыл жасағандардың барлығының аты-жөні анықталған. Оларды іздеу және ұстау жұмыстары жалғасып жатыр.

"Паллада" дүкені қасында іздестіру шаралары кезінде шабуылға қатысы бар деген күдікпен бес адам ұсталған.

«Паллада» дүкенінің қасында іздестіру шараларын жүргізу кезінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті 5 адам ұсталды, олар Зауыт полиция бөлімшесіне жеткізілді.

XS
SM
MD
LG