Accessibility links

Сот Ажарқұлованы қамаудан босатпады


Қыздығой Ажарқұлова (оң жақта) сотта адвокаты Гүлнәр Жуаспаебамен сөйлесіп тұр. Шымкент, 6 маусым 2016 жыл.
Қыздығой Ажарқұлова (оң жақта) сотта адвокаты Гүлнәр Жуаспаебамен сөйлесіп тұр. Шымкент, 6 маусым 2016 жыл.

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша сотталып жатқан Қыздығой Ажарқұлованы қамаудан босатуға рұқсат етпеді.

Сот отырысына бұл жолы да жәбірленушілер келмеді. Прокурор Мыңтаев судья Мадияр Абдірасиловқа сот отырысы туралы жәбірленушілердің бәріне ескертілгенін хабарлады. Қыздығой Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева сот отырысы жәбірленушілердің қатысуымен өтуі керек екенін айтып талап қойды.

- Қыздығой Ажарқұлованың қамауға алынғанына алты ай болды. Сот процесінің басталғанына үш ай толды. Бірақ тергеу амалдары кезінде де, сот отырысында да жәбірленушілер нақты айыпты дәлелдейтін айғақ келтіре алған жоқ. Айыпталушы негізсіз айыппен денсаулығының нашарлығына қарамастан қамауда отыр, - деді адвокат.

Гүлнәр Жуаспаева соттан прокуратура не жәбірленушілердің сотқа келуін қамтамасыз етуін, не Ажарқұловаға тағылған айыпты алып тастауын сұрады. Содан кейін судьяға денсаулығына байланысты сот процесі кезінде айыпталушыны қамаудан босату туралы шешім қабылдау үшін талап тілек түсірді.

Судья Мадияр Абдірасилов адвокаттық талап-тілегін қарау үшін үзіліс жариялады. Жарты сағаттық үзілістен соң судья адвокаттық талап-тілегі қанағаттандырусыз қалдырылғанын хабарлады. Прокурорға жәбірленушілер мен куәгерлерді сот отырысына толық келуін қамтамасыз етуін сұрады. Прокурор жәбірленушілерге ескертетінін, шара қолданылатынын айтты.

Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.

XS
SM
MD
LG