Accessibility links

БҚО полициясы бейресми ақпаратқа арандап қалмауға шақырды


Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің өкілі Асылай Губашева брифингте. Орал, 7 маусым 2016 жыл.
Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің өкілі Асылай Губашева брифингте. Орал, 7 маусым 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) облыс тұрғындарынан қоғамдық орындарда күдікті адамдар мен заттарға назар аудара жүруді, полиция қызметкерлерінің құжат тексеруіне түсіністікпен қарауды және бостан бос дүрлікпеуді сұрады. Бұл туралы ІІД өкілі Асылай Губашева орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында журналистер кездесуінде айтты.

Кездесуде журналистерден сұрақ қойылмады. Журналистерге таратылған баспасөз хабарламасында тұрғындарды "интернет ресурстарында жарияланатын жалған ақпараттардың арандатуына түсіп қалмауға" шақыратыны айтылған.

ІІД баспасөз қызметі интернетте тараған өткен түні Оралдың бірнеше ықшамауданында атыс болды деген мәліметті я растап, я жоққа шығармай, департаментке ресми сауал жолдауды сұрады. Кеше облыс полициясы Ақтөбедегі атыстарға байланысты террорлық қауіп-қатердің "сары деңгейін" жариялаған.

Өткен жексенбіде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 19 адам мерт болды.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG