Accessibility links

Ильхам Әлиев: Таулы Қарабақтағы бітім әлсіз


Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. Берлин, 7 маусым 2016 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. Берлин, 7 маусым 2016 жыл.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақ қақтығысын бейбіт жолмен реттегісі келетінін мәлімдеді. "Жанжал аймағындағы оқиғалардың соңғы даму барысы бітім тұрақты емес, әлсіз екенін көрсетеді" деді Әлиев 7 маусымда Берлинде Германия канцлері Ангела Меркельмен бірге өткізген баспасөз конференциясында.

Әлиев Таулы Қарабақтың қазіргі мәртебесін қабылдауға тұрарлық емес екенін айтты. Сәуірдің басында Таулы Қарабақта Армения қолдайтын сепаратистер мен Әзербайжан әскері арасында төрт күнге созылған қақтығыс болып, сосын екі жақ арасында бітім жасалған.

Өткен айда Армения мен Әзербайжан президенттері атысты тоқтату және қақтығысты бейбіт реттеуге бейіл екендерін тағы білдірген.

Әзербайжан мен Армения арасында 1990 жылдардың басында Таулы Қарабақ аймағына қатысты соғыс болып, кейін бітім жасалған. Негізінен этникалық армяндар тұратын территория 1988-1994 жылдардағы соғыста Әзербайжаннан тәуелсіздігін жариялаған. Соғыстан 30 мыңға тарта адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG