Accessibility links

Қажымұрат Үсенов 2 жылға сотталды


Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).

Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясындағы қаржы жымқыру ісі бойынша сотқа тартылған компанияның құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов 2 жылға сотталды.

Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қажымұқан Мекемтас Үсеновті "қызмет өкілетін теріс пайдаланды", "өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленді немесе ысырап етті" және "қылмысқа айдап салды" деп айыптап, екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Судья сонымен қатар Үсеновтің "қылмыстық жолмен табылған қаржыға алған дүние-мүлкін" тәркілеп, мемлекеттік органдарда немесе коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызмет атқаруына өмір бойына тыйым салуға үкім етті. Судья бұған қоса Үсеновтің мемлекеттік атақ-даңқынан, оның ішінде "Құрмет" орденінен айыру туралы президенттің атына ұсыныс жолдауға қаулы етті.

Үсенов 2015 жылдың 8 маусымында ұсталып, 11 маусымында үйқамаққа алынған.

Үсеновпен бірге "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының бұрынғы бірнеше басшысы - бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев, атқарушы директоры Суламбек Баркинхоев, Ермегияевтің екі орынбасары және тағы бірнеше адам сотталып жатыр.

Үсенов пен осы іс бойынша сотқа тартылған тағы 11 адам бұған дейін "кінәсін мойындау" туралы процессуалдық келісім жасасқан. Бұл сотталушыларға қатысты іс жеке өндіріске алынып, басқа судья қарап жатыр.

Талғат Ермегияев өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, өзінің абақтыда отырғаны "кейбір адамдарға керек болғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG