Accessibility links

Атыраулық белсенділер ісін Төлешовпен байланыстырмауды сұрады


Атырауда істі болған белсенділерді қолдау тобы. Атырау, 8 маусым, 2016 жыл.

Атырауда істі болған белсенділерді қолдау тобы. Атырау, 8 маусым, 2016 жыл.

Атырауда жер реформасына қатысты митингіге қатысқаны үшін қудалауға түскендерді қолдайтын бастамашыл топ өкілдері Астанадан келген бас прокуратура өкілдерімен кездесті.

Бастамашыл топ өкілдерінің бірі, құқық қорғаушы Тоғжан Қизатованың Азаттыққа айтуынша, өздерімен бас прокурордың аға көмекшісі Қабылсаят Әбішев, бас прокуратураның бақылау департаментінің аға прокуроры Ержан Тұрмағамбетов кездескен. Кездесу Атырау қалалық прокуратурасында өткен.

Тоғжан Қизатова кездесуде бас прокуратура өкілдеріне Атырауда қамауда отырған белсенділер, "билікті құлатпақ болды" деп айыпталған Макс Боқаев, Талғат Аянды олардың апелляциялық шағымын қарағанда үйқамаққа шығаруды сұрағанын айтты. Ол бастамашыл топ сонымен қатар Боқаев пен Аянның ісін "Шымкентсыра" зауытының иесі, қамаудағы бизнесмен Тоқтар Төлешовтің ісімен байланыстырмауды сұраған.

Қизатованың сөзінше, ол таяуда Қазақстандағы адам құқығына қатысты баяндама жасайтынын, онда "билікті құлатпақ болды" деп айыпталған белсенділердің ісіне жеке тоқталатынын ескерткен.

Ержан Тұрмағамбетов кездесуде Атырауда қамауда отырған және үйқмақта отырғандарға қатысты тағылған "билікті күшпен басып алуға" қатысты қылмыстық кодекстің 174-бабының Қазақстанда бұған дейін де қолданылғанын айтқан. Қизатованың сөзінше, Тұрмағамбетов Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотта өзінің мемлекеттік айыптаушы болғанын, бұл іс сол кезде 179-бап бойынша айыпталған оппозициялық саясаткер Владимир Козлов пен Мұхтар Әблязовтің ісіне ұқсас екенін білдірген.

Қизатова бастамашыл топ бас прокуратура өкілдеріне өздерінің белсенділерді қолдау жоспарларынан қайтпайтынын, заң органдары тыйым салса да белсенділерді қолдау жөнінде "заң шеңберінде пикетке шығу, флешмоб, акция өткізуді жалғастыра беретіндерін" ескерткен.

Атырау қаласының прокуроры Рафхат Құттықов Азаттыққа бас прокуратура өкілдері бастамашыл топпен кездескенін растады. Оның сөзінше, прокуратура өкілдері бас прокурордың тапсырмасымен аймақтағы жағдайды білуге келген.

Маусымның 1-і күні Макс Боқаев пен Талғат Аянның қылмыстық кодекстің 179-бабының 2-бөлімі ("билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту") және 24-бабының 1-бөлімі ("қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") бойынша айыпталып, күдікті ретінде ұсталғандары белгілі болған. Олардан басқа да бірнеше белсенді қылмыстық айыптармен тергеуге қамалған еді.

Ал 6 маусымда бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тоқтар Төлешовтің Атырау, Астана, Алматы, Орал, Қызылорда қалаларында өткен жер реформасына қарсы акцияларға дем беріп, қаржыландырғаны жөнінде дәлелдер тапқанын" мәлімдеген. Мәлімдемеге қарағанда, қаңтар айында арнайы операциямен ұсталған Тоқтар Төлешов бұл наразылық акцияларын "былтыр желтоқсанда дайындап, қаржыландырған".

Қаңтарда ұсталған кәсіпкер Тоқтар Төлешовті қамауға алу туралы санкцияны Астананың Алматы аудандық 2-соты ақпанның 1-і күні шығарған еді. Төлешов қылмыстық кодекстің 266-бабы ("қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу") және 297-бабы ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша күдікті деп танылған.

XS
SM
MD
LG