Accessibility links

Назарбаев "түрлі-түсті революция белгілері байқалғанын" айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 24 мамыр 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 24 мамыр 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақорданың ресми сайтында бүгін жарияланған, Ақтөбедегі оқиғаларға қатысты мәлімдемесінде "Қазақстанда түрлі-түсті революциялардың белгілері байқала бастағанын" да айтты.

"Мемлекеттік саясатымыз бен заңдарымыздың либералды екенін пайдаланып, әлдекімдер мемлекеттік биліктің қаншалықты беріктігін сынап көргісі келді. Біз экстремистер мен террористерді басудың ең қатаң әдістерін қолданатынымыз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіншілік пен күш бар. Біз "түрлі-түсті революция" дегендердің түрлі әдістері барын және олар ойдан шығарылған митинг, кісі өлімі, билікті басып алудан басталатынын білеміз. Бұл белгілер бізде де көрінді" дейді президент Назарбаев.

Оның сөзінше, мұндай төңкерістер болған елдерде қазір "мемлекет, тұрақтылық жоқ", керісінше "кедейлік пен қарақшылық жайлаған".

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге оқиғаға байланысты: "Құқық қорғау органдары бұл қылмыстық акцияны болдырмау, террористердің көзін жоюдың барлық шараларын жасады" деп мәлімдеді.

Ол сонымен қатар экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылыстарға қатаң тойтарыс беру жағын ойластыру керегін айтқан.

"Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет. Екіншіден, елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесуіміз керек. Ел тыныштығын сақтамасақ, мынадай әлемдік дағдарыстан өте алмаймыз" деген Назарбаев.

Назарбаев Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдарда қаза тапқан бейбіт тұрғындардың туыстарына көңіл айтып, 9 маусымды Қазақстанда аза тұту күні деп жариялады.

Өткен жексенбіде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 21 адам мерт болды. Олардың 13-і - шабуыл жасады деген күдіктілер, 8-і - бейбіт тұрғындар. Қазақстан билігі шабуыл жасағандар "радикалдық діни топ жақтастары болуы мүмкін" деген болжам айтады. Бұған дейін Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті жеті күдіктіге іздеу жариялаған.

XS
SM
MD
LG