Accessibility links

Ақтөбеде шабуыл құрбандарын еске алып жатыр


Әулие Никольск шіркеуі. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Әулие Никольск шіркеуі. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеде бүгін 5 маусымда қарулы топ шабуылынан мерт болған бейбіт тұрғындар мен әскерилерді аза тұтып, еске алып жатыр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қалада мемлекеттік мекемелер алдындағы Қазақстан тулары төмен түсірілген.

Таңертең қаладағы әулие Никольск православ шіркеуінде шабуыл құрбандарына арнап құлшылық жасалынды. Шіркеу өкілі иеромонах Нектарий "Құдайға құлшылық қылып, аруақтарына дұға бағыштадық. Бүгін - Пасхадан кейінгі 40-күн. Бұл күні Иса Мәсіх көкке көтеріліп, жерде бейбітшілік болсын деп дұға қылған. Сондықтан біз бейбітшілікті қолдаймыз, енді мұндай шабуыл болмасын" деді.

Ол шабуылды "сатанизм" деп атады.

"Нұрғасыр" мешітінде бесін намазынан соң құрбандарға арнап құран бағышталмақ.

5 маусымда Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 20 адам мерт болды. Олардың 13-і - шабуыл жасады деген күдіктілер, жетеуі - бейбіт тұрғын.

Қазақстан билігі шабуыл жасағандар "радикалдық діни топ жақтастары болуы мүмкін" деген болжам айтады.

Бұған дейін Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті жеті күдіктіге іздеу жариялаған.

Кеше Қазақстанда 9 маусым - шабуылдардан қаза тапқандарды аза тұту күні деп жарияланған.

XS
SM
MD
LG