Accessibility links

Талғат Ермегияев 14 жылға сотталды


"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.
"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.

Астанада бүгін "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевқа сот үкімі оқылды.

Судья Әділхан Шайхыисламов Талғат Ермегияевті қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы ("пара алу"), 189-бабы 4-тармағының 2-бөлімі ("өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету") бойынша айыпты деп тауып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Судья Ермегияевты жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, жаза мерзімін ол ұсталған 2015 жылдың 8 маусымынан бастап есептеуге, содан бергі үйқамақта отырған екі күнін бір күндік бас бостандығынан айырумен тең деп есептеуге үкім етті. Ермегияев мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айырырыл, "қылмыстық жолмен табылған дүние-мүлкі" тәркіленетін болды.

Сонымен бірге судья президентке Ермегияевты мемлекеттік "Парасат" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді. Ермегияевты сот залында қамауға алды.

Тергеушілер дерегінше, Талғат Ермегияев 4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленген. Бірақ ол 13 мамырда өткен сотта өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген.

Астанада 2017 жылы өткізу жоспарланған халықаралық көрмеге дайындықпен айналысатын «Астана ЭКСПО-2017» компаниясын екі жарым жылға жуық уақыт басқарған Талғат Ермегияев 2015 жылы маусым айында сот шешімімен үйқамамаққа алынған.

XS
SM
MD
LG