Accessibility links

Шойкин: Қазақстандағы салафиттік бағыт ұстанушылар саны нақты емес


Мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
Мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.

Мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин Қазақстанда исламның салафиттік бағытын ұстанатындар санын толық ешкім білмейтінін айтады.

- Дәстүрлі емес діни ағымдарға, оның ішінде салафизмге тереңнен сенетіндер саны шамамен 15 мыңдай адам. Соңғы екі жылда мұндай адамдар саны қысқарды. Бірақ бұл «айсбергтің» жоғарғы бөлігі ғана. Олар айтарлықтай көп, идеяларын тығып жүреді. Идеясынан бас тартқандармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді Ғалым Шойкин Астанада "Эксперт" пікірталас клубының отырысында. Оның сөзінше, Қазақстандағы салафиттік ағымдағылардың нақты санын ешкім айта алмайды.

Ал, мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Айдар Әбуовтың пікірінше, қазір Қазақстанда салафиттік сайттарда 80 мың адам отырады. Оның 15 мыңы Астанада.

- Бұл олардың бәрі белсенді деген сөз емес. Олардың ішінде тек қызығушылық танытқаны немесе енжар қатысушылар бар. Кейбір мамандар төзімді (умеренный), либералды, қауіпті емес салафизм бар дейді. Сонымен бірге, радикалдысы бар. Салафизм - бұл бір ілім. Оның бастапқы сатысын ұстанып жүргендер бар. Бірақ, бастапқы сатысындағылар олар жоғарғы сатыда өздерін не күтіп тұрғанын білмейді. Бұл – такфир мен жиһад, - дейді Әбуов.

Айдар Әбуовтың Азаттық тілшісіне айтуы бойынша, 2015 жылдан бүгінге дейін 22 мың 237 заңға қайшы діни материалға шектеу қойылған. 21 мың материал сайт ресурстарынан өшірілген, 1 мың 205-і сот шешімімен бұғатталған.

Қазақстанда бұған дейін "салафи бағыттағы идеологияны ұстанады, қолдады, терроризмді насихаттады" деген айыппен ондаған адам сотталған.

XS
SM
MD
LG