Accessibility links

Қырымда Еуромайдан белсендісі Андрей Коломиец 10 жылға сотталды


Андрей Коломиец сот кезінде. (Әлеуметтік желідегі фото.)
Андрей Коломиец сот кезінде. (Әлеуметтік желідегі фото.)

Ресей өзіне қосып алған Қырымдағы Симферополь соты Еуромайдан белсендісі Андрей Коломиецті он жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Бұл туралы Қырымдағы құқық қорғау тобына Коломиецтің адвокаты Михаил Кушпель хабарлаған.

Андрей Коломиецті 2014 жылы Киев Майданындағы оқиғалар кезінде полицияның «Беркут» атты арнайы жасағы қызметкерлеріне шабуыл жасаған деп айыптаған. Сонымен бірге оған есірткі сақтаған деген айып таққан. Бұған дейін Коломиец тергеу кезінде өзін қатты қинап, қылмысты «мойындайтыны» туралы куәлік беруге мәжбүрлегені туралы мәлімдеген еді.

Сот барысында айыпталушының адвокаты ұсынған Украина бас прокуратурасы берген құжаттарда Украинада 2014 жылы Киевте болған наразылықтар кезінде «Беркут» қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс қаралып жатқаны, бірақ ол іске Андрей Коломиецтің қатысы жоқ екені жазылған. Сонымен бірге Киев Қырымдағы сотта Коломиецке қарсы куәлік еткен «Беркут» қызметкерлері украиналық құқық органдарына шағым бермегенін және олардың бұл ісі бойынша жәбірленуші болып табылмайтынын айтқан.

Құқық қорғаушылар Коломиецке қисынсыз айыптар тағылған деп санайды.

Украинаның Киев облысының тұрғыны Андрей Коломиецті 2015 жылы мамырда Ресейдің Кабардин-Балқар аймағында «есірткі сақтаған» деген күдікпен ұстаған. Кейін оны Қырымға жеткізіп, 2014 жылы «Беркут» жасағының екі қызметкеріне қастандық жасаған деген айып таққан.

XS
SM
MD
LG