Accessibility links

Ресей допинг туралы фильм авторына елге келуге тыйым салуы мүмкін


Германиялық журналист Хайо Зеппельт.

Германиялық журналист Хайо Зеппельт.

Ресей жеңіл атлетикасындағы допинг туралы фильмнің авторы, германиялық журналист Хайо Зеппельт өзінен ақша өндіріп алу жөнінде Мәскеудің Басман соты шығарған шешімді орындамайтын болса, Ресей аумағына кіру құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы ТАСС агенттігіне журналисті сотқа берген Бүкілресейлік жеңіл атлетика федерациясының (ВФЛА) мүддесін қорғаушы заңгер Артем Пацев хабарлаған.

Былтыр 16 желтоқсанда Мәскеудің Басман соты ресейлік жеңіл атлеттердің допинг пайдаланғаны жайлы фильм үшін германиялық ARD телеарнасы, журналист Хайо Зеппельт, ресейлік спортшы Юлия Степанова мен оның күйеуі Виталий Степановтың үстінен ВФЛА түсірген ар-намысты қорғау туралы талап-арызды қанағаттандырған. Сот ресейлік жеңіл атлеттердің жүйелі түрде допинг пайдаланып келгені туралы германиялық тележурналистердің ақпаратын шындыққа сәйкес емес деп тапқан.

Заңгердің айтуынша, талап-арыз мөлшері - 1 рубль, бірақ оған қоса сот жауапкер тарапты 12 мың рубль мемлекеттік баж алымын да бірге төлеуге міндеттеген. «Степановтар да, журналистің өзі де, оның телеарнасы да әлі ештеңе төлеген жоқ» дейді Пацев.

Германияның ARD телеарнасы 2014 жылы шығарған «Құпия допинг: Ресейдің жеңіске қалай жететіні» атты деректі фильмде ресейлік спортшылардың допингті жүйелі түрде пайдаланатыны туралы баяндалады.

Биыл 9 маусымда ARD телеарнасында допинг туралы жаңа сюжет жарияланды. Онда ресейлік спортшылардың допинг пайдаланғанына айғақ болатын тест нәтижелерін жасыруға Ресей спорт министрі Виталий Мутконың қатысы бары айтылады.

XS
SM
MD
LG