Accessibility links

УЕФА ресейлік жанкүйерлерге қатысты іс қозғады


Ресей мен Англия құрамалары ойнаған стадиондағы екі жақтың жанкүйерлері арасындағы төбелес. Марсель, 11 маусым 2016 жыл.

Ресей мен Англия құрамалары ойнаған стадиондағы екі жақтың жанкүйерлері арасындағы төбелес. Марсель, 11 маусым 2016 жыл.

Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) Англия құрамасының фанаттарымен төбелес ашқан ресейлік жанкүйерлерге қатысты тәртіптік іс қозғады. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бұл іс расизм, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және пиротехника қолдану бойынша ашылған. Ал төбелеске қатысқан ағылшын жанкүйерлеріне қарсы УЕФА ешқандай іс қозғаған жоқ.

Сенбі күні Францияның Марсель қаласында Англия мен Ресей құрамалары арасындағы ойын алдында ресейлік және ағылшын жанкүйерлері жаппай төбелесіп, салдарынан 30-дан астам адам зардап шеккен, олардың бірі – 50 жастағы британ азаматы ауруханада әл үстінде жатыр деп хабарланды. Жаппай тәртіпсіздікті тыю үшін полиция көзден жас ағызатын газ шашқан. Марсельдегі Ресей бас консулдығы ұсталғандардың арасында кемінде бір ресейлік бар деп хабарлады. Оған «адам денесіне ауыр жарақат түсірген» деген айып тағылуы мүмкін.

Кеше Ресей мен Англия құрамалары арасындағы ойын 1:1 есебімен тең аяқталған соң іле-шала ресейлік жанкүйерлер стадионның ағылшын фанаттары отырған бөлігіне тап беріп, төбелес ашқан. Ресей спорт министрі Виталий Мутко оқиғаның негізгі себебі ретінде «стадиондағы қауіпсіздіктің нашарлығын» атаған.

XS
SM
MD
LG