Accessibility links

Ақтөбе ІІД: Жалған бағыттама таратқандар іздестіріліп жатыр


Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) қалада 5 маусымдағы шабуылдарға қатысты операцияларда қаза тапқан күдіктілер тізіміне жергілікті тұрғын Данияр Уайсовты кіргізгенін жоққа шығарды. Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған ІІД баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин полиция аталған "жалған бағыттаманы" жасап, таратқандарды анықтап жауапқа тарту жұмысын жасап жатқанын айтты.

Кеше өзін Ақтөбе қаласының тұрғынымын деген Данияр Уайсов жас жігіт әлеуметтік желіде виде үндеу жасап, "ақпарат құралдарында таралған терактілерге қатысты оқиғаларда қаза тапқандар тізімінде өзінің аты-жөні жүргеніне" наразылық танытқан. Ол мұндай мәліметті тараттты деген ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардан өзінен кешірім сұрауын талап еткен.

Данияр Уайсов видеода көрсеткен бағыттама Instagram әлеуметтік желісіндегі Zello Aktobe деп аталатын топ парақшасында жарияланған. Өзін Zello Aktobe тобының өкілі Қайрат деп атаған адам бағыттама өздеріне WhatsApp желісінен келгенін айтады.

Ақтөбеде бүгін 5 маусымда жасалған қарулы шабуылдардан кейін терроризмге қарсы операция басталып, 12 маусымда аяқталған. Шабуылдар салдарынан төрт бейбіт тұрғын мен үш әскери қызметкер қаза тапқан. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі қылмысқа күдікті 9 адам ұсталып, 18-інің көзі жойылғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG