Accessibility links

Ақтөбеде жазғы лагерлер жұмысын бастады


Ақтөбе көшесінде жүрген полиция жасағы. 10 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе көшесінде жүрген полиция жасағы. 10 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе облысында террористік қауіп-қатердің "қызыл" деңгейі "сары" деңгейге ауыстырылғаннан кейін балалардың жазғы демалыс лагерлері де жұмыстарына кірісті. Бұл туралы Азаттық тілшісіне «Ақтөбе Ақпарат» орталығынан хабарлады.

Ақтөбе қаласының іргесінде жалпы саны алты жазғы демалыс лагері бар. Осы демалыс орындарының тек біреуін - «Достық» лагерін мемлекет қаржыландырады. Қалғандары жекеменшікте. Меншік түріне қарамастан террористік қауіп деңгейі "қызыл" болған кезде бұл лагердің бір де біреуі жұмыс істеген жоқ.

Жас туристер станциясына қарасты «Достық» лагерінің алғашқы маусымына 140 оқушы жазылып қойған. Бірақ лагерь террорға қарсы операцияларға орай 6 маусым күні жұмысын бастай алмады.

- Лагерді 15 маусым күні ашамыз. Биыл да балалар жылдағыдай 12 күн тынығады деп жоспарлап отырмыз. Жұмыс тоғыз күнге кеш басталғандықтан маусымдар кестесі ығысады, - дейді Ақтөбе қалалық жас туристер станциясының директоры Жасұлан Жанайдаров.

Азаттық тілшісі қанша баланың демалысы шегерілгенін білмек болып, Ақтөбе облыстық білім департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Бегімбетов пен Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының мінедтін атқарушы Ирина Исаеваға хабарласқан. Олар антитеррорлық штабтың рұқсатынсыз ешқандай ақпарат бере алмайтындарын айтты.

XS
SM
MD
LG