Accessibility links

Мүфтият Ақтөбедегі шабуылдарды айыптады


Алматыдағы орталық мешіт (Көрнекі сурет).

Алматыдағы орталық мешіт (Көрнекі сурет).

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ) Ақтөбеде болған шабуылдарды айыптады. ҚМДБ таратқан үндеуінде шабуылда қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтатынын, шабуылдың "исламға ешқандай қатысы жоғын" айтады.

ҚМДБ таратқан үндеуде Ислам діні "жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, арам мен адалды ажыратып, ізгілікке бастайтыны", "бейбітшілк пен келісім, достық пен сенімнің адамзат құндылықтары" екені айтылады.

"Ақтөбедегі лаңкестік әрекет қазақ еліне орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Қасиетті Рамазан айында осындай қайғылы жағдайдың орын алуы өте өкінішті жайт. Бұл – еліміздің тыныштығын бұзып, болашағымызға балта шабу үшін әдейі ұйымдастырылған қаскөйлік деп есептейміз. Біз, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшелері, қасиетті Рамазан айында Ақтөбеде болған лаңкестік әрекетті қатаң айыптаймыз. Қазақстан халқын қоғамда тыныштық орнатуға, лаңкестік әрекеттерге тосқауыл болуға, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтардың насихатталуына үлес қосуға үндейміз" делінген үндеуде.

Ақтөбеде 5 маусымда жасалған қарулы шабуылдардан төрт бейбіт тұрғын мен үш әскери қызметкер қаза тапқан. Шабуылға байланысты терроризмге қарсы операция жүргізіліп, облыста террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы "қызы деңгейі" жарияланған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі қылмысқа күдікті 9 адам ұсталып, 18-інің көзі жойылғанын хабарлаған. Қазір антитеррорлық операциялар аяқталып, террорлық қауіп-қатер деңгейі "сары" деңгейге төмендетілді.

XS
SM
MD
LG