Accessibility links

НАТО Шығыс Еуропада қосымша әскер ұстайтын болды


НАТО-ға мүше елдер қорғаныс министрлерінің жиыны. Брюссель, 14 маусым 2016 жыл.
НАТО-ға мүше елдер қорғаныс министрлерінің жиыны. Брюссель, 14 маусым 2016 жыл.

НАТО елдерінің қорғаныс министрлері альянстың Шығыс Еуропадағы әлеуетін күшейтуге келісті. Мұны министрлердің 14 маусымда Брюссельде өткен кездесуінде НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг хабарлады. Оның сөзінше, НАТО Польшаға және Балтық бойындағы үш елге - Латвия, Литва және Эстонияға ротациялық негізде қуатты, көпұлтты төрт батальон орналастырады.

Столтенберг альянс министрлері сонымен қатар Балтық теңізі аймағында да қорғаныс пен әскери тежеу тетіктерін күшейтуге келіскенін айтып, "мұнда да көбірек әскери техника мен материалдар жеткізіледі" деді.

"НАТО өзінің барлық мүшесі пен одақтасын кез-келген тараптан төнетін кез-келген қауіп-қатерден қорғайды. Сондықтан біз қырғиқабақ соғысы аяқталғаннан бері ұжымдық қорғанысымызды барынша күшейтіп жатырмыз" деген Столтенберг бұған дейін.

НАТО-ның Ресеймен жанжалдаспақ ниеті жоғын, қырғиқабақ соғысты қаламайтынын айтқан Столтенберг​ "Біз Ресеймен барынша конструктивті және ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынас орнатуға ұмтыла береміз" дейді.

Ресей НАТО әскерінің өз шекарасына жақын орналасуын қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп санайды және оған тиісті жауап шараларын жасайтынын айтады.

Ресей 2014 жылы Украинадан Қырым түбегін аннексиялап, Украинаның шығысындағы жанжалға киліккен соң НАТО мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас қырғиқабақ соғысы кезеңінен бері болмаған деңгейге дейін нашарлап кеткен.

НАТО қорғаныс министрлерінің жиыны 15 маусымда аяқталады. Шілденің басында Варшавада НАТО саммиті өтеді.

XS
SM
MD
LG