Accessibility links

ОҚО-да дауылдан ондаған үй мен ғимарат шатыры бүлінді


Қатты желдің салдарынан шатыры бүлінген мекеме. Оңтүстік Қазақстан облысы, 15 маусым 2016 жыл. (Сурет ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен алынды).
Қатты желдің салдарынан шатыры бүлінген мекеме. Оңтүстік Қазақстан облысы, 15 маусым 2016 жыл. (Сурет ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен алынды).

Оңтүстік Қазақстан облысында 14 маусым күні түнде соққан күшті жел 300-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың шатырын ұшырды деп хабарлайды Азаттыққа Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, 14 маусым күні сағат 22:30-23:25 аралығында облыс аумағында жылдамдығы секундына 25-30 метр болатын күшті жел тұрған. Жел Отырар, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласындағы 300-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың шатырын ұшырып, ағаш және электр бағаналарына зиян келтірген».

«Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының алдын ала мәліметінше, күшті желден ғимараттардың шатырлары толық немесе жартылай ұшып кеткен. Атап айтқанда, тұрғын үйлерге, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерге, емдеу мекемелері мен мемлекеттік мекемелерге, коммерциялық объектілерге, ағаш және электр бағаналарына зиян келтірілген» делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп, келтірілген шығын көлемін анықтап жатқанын айтады. Әкімдік мұндай ауа-райы өңірде әлі екі күнге созылатынын ескертеді.

XS
SM
MD
LG