Accessibility links

Ильин допинг дауына қатысты пікірін білдірді


Илья Ильин (ортада) Лондон олимпиадасының тұғырында.
Илья Ильин (ортада) Лондон олимпиадасының тұғырында.

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында допинг дауына байланысты пікірін білдіріп, Рио олимпиадасына дайындығын жалғастыра беретінін айтқан.

Екі дүркін олимпиада чемпионы, қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин допинг дауына қарамастан Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Бұған дейін олимпиада чемпиондары Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедованың допинг дауына ілігіп, жарыстардан шеттетілгені белгілі болған еді. Допингке қайта тексерудің қорытындысында төрт ауыратлеттің де станозолол қолданғаны, ал Ильин мен Чиншанлоның қосымша тағы екі препарат қолданғаны анықталған.

«Келіп түскен хабар төбемнен жай түскендей болды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ережесі бойынша, мен жайлы барлық мәлімет ADAMS халықаралық жүйесінде, онда менің әрбір күнім сағатына дейін жазылған, қайда болғаным, жаттығудамын ба, демалыстамын ба, барлығы бар. Мен әрдайым ашықпын және антидопинг агенттігінің бақылаушыларына ашықпын және биыл Польшада және Алматыда допинг-сынақтан екі рет өттім» деп жазған ол.

Ильин өзінің жазбасында 2004 жылдан бері допинг тексерістен өтіп келе жатқанын және қанынан тыйым салынған еш препарат табылмағанын да айтқан.

Қазақстандық атлет Рио олимпиадасына жаттығуын жалғастыра беретінін және бұл істе соңына дейін баратынын мәлімдеді.

15 маусымда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Лондон олимпиадасы кезінде алынған сынамаларды қайта тексергенде он атлеттің допинг сынамасы оң нәтиже бергенін хабарлаған.

IWF жариялаған «допинг сынамалары оң нәтиже берген» спортшылар тізімінде 2012 жылғы Лондон олимпиадасында алтын ұтып алған қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Мая Манеза бар.

XS
SM
MD
LG