Accessibility links

Шымкенттегі сотта Ажарқұлова жауап берді


Айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова (оң жақта) мен адвокат Гүлнар Жуасбаева. Шымкент, 6 мамыр 2016 жыл.
Айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова (оң жақта) мен адвокат Гүлнар Жуасбаева. Шымкент, 6 мамыр 2016 жыл.

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша сотталып жатқан Қыздығой Ажарқұлованың бүгінгі сотына сегіз жәбірленушінің бесеуі және Ажарқұлованың 20-ға жуық жақтаушысы қатысты.

Сот отырысы айыптаушы жақтың куәгерлерін тыңдаудан басталды. Сотта «БанкЦентрКредиттің» куәгер ретінде шақырылған өкілінің тергеу кезінде айтпаған куәлік сөзі тергеу хаттамасына кіріп кеткені анықталды. Прокурор Мыңтаев дәл осы банктен қосымша куәгер ретінде екінші азаматты шақыруға талап-тілек түсіріп, оны сот мақұлдағанымен, куәгердің жеке бас куәлігі жоқ болғандықтан куәлік ете алмады.

Сонымен бірге айыптаушы жақ куәгер ретінде шақырған ұйымға кезінде өз иелігіндегі ғимаратты жалға берген кәсіпкер де прокурор «тергеу кезінде айтылыпты» деген, ұйым мүшелерінен ақша жинау туралы сөзді жоққа шығарды.

Куәгерлер тыңдалып болған соң судья Мадияр Абдірасилов айыпталушы Қыздығой Ажарқұловадан жауап алынатынын хабарлады. Айыпталушымен сөйлесу үшін оның адвокаты Гүлнәр Жуаспаева судьядан 10 минуттық үзіліс жариялауды сұрады.

Қыздығой Ажарқұлова сотта «өзінің айыпсыз екенін, шама-шарқы жеткенше ұйым мүшелеріне көмек бергенін, тиісті мекемелерге хат түсіріп, олардың атынан сот отырыстарына қатысқанын» айтты.

"Негізсіз қамауға алды. Жәбірленуші деп танылған сегіз адамның төртеуін танымаймын. Тағылған айыпты толық мойындамаймын" деді Қыздығой Ажарқұлова.

Үш сағатқа созылған сот отырысының соңында судья Мадияр Абдірасилов прокурор Мыңтаевқа 17 маусым күні өтетін кезекті сот отырысына келмей қалған жәбірленушілерді шақыруды тағы бір рет ескертті.

Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.

XS
SM
MD
LG