Accessibility links

Ресейде допинг жайлы сұхбат берген бұрынғы басшының үстінен іс қозғалды


Мәскеудің допингке қарсы зертханасының бұрынғы басшысы Григорий Родченков.
Мәскеудің допингке қарсы зертханасының бұрынғы басшысы Григорий Родченков.

Ресей тергеу комитеті Мәскеудің допингке қарсы зертханасының бұрынғы басшысы, қазір шетелде тұратын Григорий Родченковтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркиннің айтуынша, қылмыстық іс ресейлік спортшылардың допингке қарсы заң талаптарын көп мәрте бұзғаны туралы Родченковтың берген сұхбаты негізінде қозғалған.

Бұған дейін допинг туралы деректі фильм түсірген америкалық кинорежиссер Брайан Фогельге берген сұхбатында Родченков Сочи олимпиадасына қатысқан ресейлік спортшылардың, солардың арасында олимпиада чемпионы атанғандар да допинг қолданғаны туралы айтқан еді. Родченков сұхбатында спортшыларға ішімдікке араластырып берілген тыйым салынған препараттардың үш қоспасын жеке өзі дайындағанын мәлімдеген. Оның сөзінше, спортшылардың допинг сынамасын бұрмалауға Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өкілдерінің қатысы бар.

Жұма күні Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары ассоциациясы ресейлік спортшыларды халықаралық жарыстарға қатыстырмау туралы шешімді күшінде қалдырды.

Осы аптада дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) жариялаған есепте биыл ақпанның 15-інен мамырдың 29-ы аралығында ресейлік спортшылардан алынған 52 допинг сынамасының 49-ынан тыйым салынған препарат табылғаны айтылған.

XS
SM
MD
LG