Accessibility links

Тәжікстанда түрмеден қашып кеткен тұтқынның оққа ұшқаны хабарланды


Тәжікстан полициясы іздеу жариялаған түрмеден қашқан Рамзуллохон Додохоновтың суреті. 18 маусым 2016 жыл.

Тәжікстан полициясы іздеу жариялаған түрмеден қашқан Рамзуллохон Додохоновтың суреті. 18 маусым 2016 жыл.

Тәжікстанда Ходженттегі қатаң тәртіптегі түзеу колониясынан қашып кеткен тұтқын жексенбі күні құқық органдары өкілдерімен атыс кезінде оққа ұшқан деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосы.

Ішкі істер министрлігі бүгін таратқан ақпаратта қамаудан қашқан Рамзуллохон Додохоновтың «19 маусым күні Соғды облысы Гафуров ауданындағы Ёва ауылдық жамоат аумағында қарулы қарсылық кезінде залалсыздандырылғаны» жазылған.

Бұл ақпаратты бүгін Озоди радиосына Соғды облыстық ішкі істер басқармасының басшысы генерал Шариф Назарзода да растаған. «Ходжентке жақын жерде қашқынның жасырынған орнын анықтаған құқық қызметкерлерінің қаруды тапсырып, берілу туралы бұйрығына бағынбай, қарулы қарсылық көрсеткен Додохонов атыста оққа ұшқан» деген генерал.

Бұған дейін Тәжікстан ішкі істер министрлігі Соғды облысы Ходжент қаласындағы қатаң тәртіптегі қамау колониясынан жұма күні кешке қашуға әрекет жасаған үш тұтқынның біреуі оққа ұшып, біреуі жараланғанын, ал үшіншісі - «террористік бағыттағы қылмысы» үшін 20 жылға бас еркіндігінен айырылған 28 жастағы Рамзуллохон Додохоновтың қашып кеткенін хабарлаған.

Осы оқиға кезінде ауыр жараланған түзеу колониясының тәрбие бөлімі бастығы полковник Ермамад Алимамадов ауруханаға апара жатқанда қаза болған.

XS
SM
MD
LG