Accessibility links

Египет экс-президенті Мурси екінші рет өмірлік түрме жазасын алды


Египеттің бұрынғы президенті Мохаммед Мурси сотта отыр. Желтоқсан, 2015 жыл.
Египеттің бұрынғы президенті Мохаммед Мурси сотта отыр. Желтоқсан, 2015 жыл.

Египет соты елдің бұрынғы президенті Мохаммед Мурсиге екінші рет өмір бойы түрмеде отыру жазасын тағайындады. Оған «Катар елінің пайдасына тыңшылық жасаған» деген айып тағылған.

Бұл іс бойынша сот алты адамға өлім жазасын кесті, олардың арасында үш журналистке үкім сырттай шығарылды. Бұған қоса екі айыпталушы өмірлік түрме жазасын алған. Сотталғандардың кассациялық шағым беруге мүмкіндігі бар.

Египетте қызметіне тыйым салынған «Мұсылман бауырлар» ұйымының жетекшісі Мохаммед Мурсиге бұған дейін де өлім жазасы мен және өмір бойы түрмеде отыру жазасын тағайындау туралы сот үкімі шыққан. Оған тағылған айыптаулар арасында 2011 жылы сол тұстағы президент Хосни Мүбәракқа қарсы толқулар кезінде тұтқындардың түрмеден жаппай қашуына қатысы болған, сонымен бірге палестиналық ХАМАС тобының пайдасына тыңшылық жасаған деген айыптар бар.

2013 жылы шілде айында Египет әскерилері елдің тұңғыш рет демократиялық жолмен сайланған президенті Мохаммед Мурсидің саясатына қарсы бірнеше күндік шерулер кезінде оны биліктен тайдырып, кейін қамауға алған. Бұдан соң Египетте Мурсидің жақтастары қудалауға түсті: жүздеген адамға өлім жазасы шығарылып, мыңдаған адам түрмеге қамалды.

XS
SM
MD
LG