Accessibility links

Көкпекті бөгетінің бұзылуына қатысты сот үкімі шықты


Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданындағы су тасқыны салдары. 31 наурыз 2014 жыл

Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданындағы су тасқыны салдары. 31 наурыз 2014 жыл

Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Ботақара ауылында бүгін Көкпекті су қоймасы бөгетінің бұзылуына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты.

Сот "қызметінде ауыр зардапқа әкеліп соқтырған әрекетсіздік танытты" деп айыпталған Көкпекті ауылының бұрынғы әкімі Бақытжан Смайылов пен аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бұрынғы бастығы Ришат Жантөлековті "мерзімі өтіп кетуіне" байланысты жауапкершіліктен босатты. Көкпекті су қоймасын жалға алған Владимир Крючковтыүш жылға соттап, басқару қызметін атқару құқығынан айырды. Оған "өкілетін теріс мақсатта пайдаланды" және "құрылыс жұмыстарын жүргізуде қауіпсіздік талаптарын сақтамай, абайсызда адам өліміне немесе басқа да ауыр салдарға әкеп соқтырды" деген айыптар тағылған.

Сотталушылар сот кезінде өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Крючковтың қоғамдық қорғаушысы Серік Санаубаев сот аяқталған соң сот үкімімен келіспейтінін және оны әділетсіз деп санайтынын айтты.

Сот материалдары бойынша, 351 адам жәбірленуші деп танылған. Олар - Көкпекті және Рабочий ауылдарының тұрғындары. 2014 жылы 31 наурызда бөгет бұзылып, су тасқыны жүргенде бес адам, оның ішінде бір Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері көз жұмған.Тасқын салдарынан бірнеше адам жараланған. Көкпектіде су тасқынынан соң 50 үй, Рабочий ауылында он үй сүрілген. Бүгін сот тұрғындардың талап-арыздары азаматтың тәртіпте қаралсын деген қаулы шығарды.

XS
SM
MD
LG