Accessibility links

Ыдырысов: Исламға үлкен соққы жасалып жатыр


Ерлан Ыдырысов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Ерлан Ыдырысов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов әлемде қазір кейбіреулердің "исламды ұстанатынын айтып, іс жүзінде кері істейтіндердің" әсерінен "исламға үлкен соққы жасалып жатқаны" ең үлкен мәселе екенін мәлімдеді. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, бұл туралы ол тұрғындармен кездесуінде Қазақстанда салафилікке тыйым салу мәселесіне қатысты берген комментариінде айтты.

"Біздің елдегі басты принцип - дін ұстану еркін, бізде діни көзқарасына қатысты ешқандай кемсітушілік жоқ және мүмкін де емес. Бұл принцип конституциямызда жазылған. Бірақ өзге тағы бір принципіміз бар, ол - қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ақтөбедегі қайғылы оқиға осындай мәселелерді тудырды. Бірқатар мемлекет "салафизмді" теориялық діни дүниетаным ретінде ұстанады. Біз бұған құрметпен, байсалды қараймыз. Дегенмен, біздің өз территориямыздағы тәжірибеміз өзіміздің жеке қадам жасауымызға мәжбүрлейді" деген Ыдырысов.

Министр сонымен қатар мемлекет "қандай да бір ағымның атын жамылып, заңға қайшы әрекет жасайтындарға" "ойсырата соққы" беретінін айтты.

5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкенін тонап, Ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 8 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG