Accessibility links

Сапарбаев: Ақтөбедегі 2011 жылғы оқиғалардан сабақ алмадық


Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы теологтар және имамдармен өткізген кездесуінде 2011 жылы болған оқиғалардан сабақ алынбағанын мәлімдеді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Сапарбаев мешіттер мен діни орталықтарда ақпараттық-насихат жұмыстарының әлсіз жүргізілетінін айтты. Оның сөзінше, құқық қорғау органдары қызметкерлері діни қауымдастықтарды есепке алып, талдау жұмыстарын жүргізбейді. Әсіресе, жастармен жүргізілетін жұмыстар баяу болғандықтан жастар экстремистік топтардың құрығына түсіп жатады.

- Кезінде 2011 жылы болған оқиғадан сабақ алынбады. Егер де сол кезде-ақ тиісті шаралар қолданылғанда мұндай келеңсіз оқиға қайталанбас еді, - деді әкім.

Имамдар, теологтар мен ғалымдардан құралатын жұмыс тобының жетекшісі Асқар Шерияздановтың айтуынша, топ облыста болған жағдайдың туындау себептерін анықтаумен айналысады. Топ әр ауданда жұмыс жүргізіп, халықпен кездесетін теологтар орталықтан тартылмақ. Бұдан өзге, діни ағымдарды ұстанушылардың арасында тест-сауалнама, әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі, сонымен қатар имамдардың қызметі мен мешіттерге мониторинг жасалады. Топ жұмысының қорытындысы бойынша жұмысты күшейтуді қажет ететін нақты бағыттар анықталады.

5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкенін тонап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG