Accessibility links

Астаналық белсенді полицейлер әрекетіне шағымданды


Астаналық белсенді Махамбет Әбжан.
Астаналық белсенді Махамбет Әбжан.

Астаналық азаматтық белсенді Махамбет Әбжан өзіне "дене жарақатын салды" деген полицейлерді жауапқа тартуды сұрайды. Белсенді бүгін бұл туралы қалалық прокуратураға шағымданып, шағымына 19 суретті қоса ұсынды.

Белсенді шағымында биыл мамырда полиция қызметкерлері өзін ұстау кезінде денесін жаралағанын айтады. "Полицейлер қолымды күштеп қайырып, қолым мен аяғыма сызат түсірді, тұншықтырып, сол жақ жағымды тартты, қабырғамнан соғып, басыма отырып алды, қытықтап, жерге құлатты. Олар осылайша менің полицейлердің заңсыз іс-әрекетіне күш көрсете алмау сезімімді тудырды. Сағатымның бауын үзіп, "Айфоныма" сызат түсірді, күртешем мен көйлегімді жыртып, шалбарымды сырды" дейді Әбжанов шағымында.

Ол сонымен қатар полиция қызметкерлері көліктерінің ішінде өзін тұншықтыруын тоқтатпай, басына әлдебір шүберек жапқанын айтады.

"Бұдан басқа, Алматы аудандық ішкі істер басқармасына алып бара жатқанда полиция қызметкерлері жазалау үшін мені аяғым мен қолымнан соғып, қытықтады. Бұл маған қатты физикалық және адамгершілік тұрғыда азап шектірді" дейді Махамбет Әбжан.

Мамыр айында Махамбет Әбжан "ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен он тәулікке қамалған. Ол өзін 21 мамырға белгіленген "жер мәселесіне" қатысты митингі туралы жазғанымен байланыстырады.

"21 мамырда жер реформасына қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді" деген ақпарат тараған соң мамырдың 17-сінен бастап 30-ға тарта адам ұсталып, 10-15 тәулікке дейін қамалған.

Қамаудан босатылған соң Әбжан өзіне қарсы "тіл тигізу", "билік өкілдеріне бағынбау және күш қолдану" баптары бойынша үш қылмыстық іс қозғалғанын білген.

XS
SM
MD
LG