Accessibility links

"Сәби саудасы" ісіне қатыстыларға шартты және түрме жазасын сұрады


Адвокат Айман Омарова (оң жақта) мен "сәби саудасы" ісіндегі сотталушы тұрғын Гүлмира Сауытова. Алматы, 22 маусым 2016 жыл.
Адвокат Айман Омарова (оң жақта) мен "сәби саудасы" ісіндегі сотталушы тұрғын Гүлмира Сауытова. Алматы, 22 маусым 2016 жыл.

Алматының кәмелетке толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін "сәби саудасына" қатысты сот жарыссөзінде прокурор айыпталушыларды шартты және бас бостандығынан айыруды қарастыратын жаза кесуді сұрады. Адвокат Айман Омарованың Азаттыққа хабарлауынша, прокурор бұл іс бойынша айыпталушылардың "кәмелетке толмаған балаларды алдын ала сөз байласу арқылы сатып, жалған құжат жасағаны және қолдан жасалған құжаттарды пайдаланғаны" тергеу мен сот барысында дәлелденгенін айтты.

Прокурор бала сату ісіндегі дәрігерлерге бас бостандығынан айыру жазасын, ал "бала сатып алып, асырағандарға" бас бостандығын шектеу жазасын кесуді сұраған. Сотқа тартылған дәрігерлер арасында Алматы облыстық көпсалалы аурухананың акушерлері, санитарлық қызметкерлері, медбикесі, гардеробшы қызметкері, перзентхананың бұрынғы меңгерушісі бар. Прокурордың "бала сатты" деп айыпталғандарға сұраған ең көп жаза мерзімі - тоғыз жыл. Ал "бала сатып алды" деп айыпталғандарға алты жыл сегіз ай шартты жаза сұралып отыр.

Айыптау материалдарына қарағанда, Алматы облыстық көпсалалы ауруханасының перзентхана қызметкерлері "бала сатумен" сегіз жыл бойы айналысқан. Олар кейбір жас босанған әйелдерді балаларынан бас тартуға көндіріп, сосын оларды асырап алатын адам іздеген. Айыптау дерегі бойынша, жаңа туған сәбилердің құжаты оны босанған адам емес, сатып алған адамның атына рәсімделген. Сатып алған адам кейін медициналық анықтамалармен баланың туу туралы куәлігін алған.

18 сотталушыға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы көрілген, қалғандары ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр. Сотта 27 баланы сатуға қатысты іс қаралып жатыр.

XS
SM
MD
LG