Accessibility links

IWF Қазақстан ауыр атлетика құрамасын бір жылға жарыстан шеттетті


Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Ни.

Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Ни.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Тбилисиде өткен жиынында Қазақстан, Ресей және Беларусь ауыр атлетика құрамаларын бір жылға жарыстардан шеттету туралы шешім шығарды.

IWF сайтында 22 маусымда жарияланған мәлімдемеде бір жылдық спорттан шеттету қай уақыттан басталатыны нақты көрсетілмеген. Ұйым іріктеу кезінде бірнеше мәрте допинг сынағынан өте алмаған құрамалардың Рио-де-Жанейро олимпиадасына алған жолдамаларын қысқарту туралы шешім қабылдаған. Қазақстан құрамасының бір ерлер сайысындағы, бір әйелдер сайысындағы, жалпы саны екі жолдамасы қысқарған. Қазақстанның ауыр атлетика құрамасы допинг дауына дейін олимпиаданың 10 жолдамасына қол жеткізіп тұрған еді. Допинг сынағынан өте алмай жолдама жоғалтқан өзге құрамалардың ішінде Әзербайжан (1 ер, 1 әйел), Беларусь (1 ер), Молдова (2 ер), Өзбекстан (1 әйел), Ресей (1 ер, 1 әйел), Румыния (1 ер) мен Солтүстік Корея (1 ер, 1 әйел) бар.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы осыған дейін Илья Ильиннің Пекин мен Лондондағы олимпиада ойындары кезінде алынған сынамаларынан допинг табылғанын мәлімдеген.

Ильинге қоса Лондонда алтын алған Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың да сынамалары оң нәтиже берген. Бұл төрт атлет қазір уақытша жарыстарға қатысудан шеттетілген.

Ал Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті спортшының медалін қайтарып беру және Рио олимпиадасына қатысу мәселесі 27 маусымда Халықаралық олимпиада комитетінің тәртіп кеңесінде шешілетінін айтқан.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG