Accessibility links

Қарағанды соты Синявиннің шағымын қанағаттандырмады


Азаптау құрбаны Николай Синявин мен Қарағанды облыстық ІІД шағымы бойынша сот отырысы. Қарағанды, 23 маусым 2016 жыл.
Азаптау құрбаны Николай Синявин мен Қарағанды облыстық ІІД шағымы бойынша сот отырысы. Қарағанды, 23 маусым 2016 жыл.

Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы Ахмет ауылының тұрғыны, азаптау құрбаны болған Николай Синявиннің апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты.

33 жастағы Николай Синявин 2014 жылы Нұра аудандық ішкі істер бөлімшесінде полиция қызметкерлері өзін тергеп-тексеру кезінде ұрып-соғып, мүгедек болып қалғанын мәлімдеген. Оның арызы бойынша, бұл іске қатысты үш полицей қызметкері үш жылға сотталған. Полицейлер өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Шағымында Синявин Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінен азаптауда келтірілген моральдық шығын ретінде өзіне үш миллион теңге өндіріп беруді талап етеді. Синявин алғашқы сот инстанциясы ІІД төлеп берсін деп міндеттеген бір миллион теңге ақшаны жеткіліксіз деп, моральдық және физикалық зардап шеккені үшін өтемақы көлемін көбейтуді сұраған.

- Біз әуелде үш миллин теңге сұрадық. Бірақ небәрі бір миллион теңге өндіріп беретін болды. Бірақ бұл ақша зардапты толықтай өтей алмайды. Нәтижесінде Синявинде физикалық және психологиялық жарақаттан өзге самай талмасы пайда болды. Ол емделмейді. Үнемі емделіп, денсаулығын күтуден басқа оған психотерапевтік және психологиялық көмек керек. Сұрап отырған сомамыз көп емес. Ол тым болмағанда төрт жыл емделуге жетеді, - деді сотта Синявиннің өкілі Елизавета Ахметова.

Қазыбек би аудандық сотының Синявинге бір миллион теңге өтемақы төлеу туралы шешіміне облыстық ІІД де шағымданған. ІІД мен Синявиннің шағымдары бір сот отырысында қаралды.

- Алғашқы сот инстанциясы ІІД-нен ақша өндіріп беру туралы шешімді қате шығарған, ақшаны қаржы министрлігінен өндіріп беру керек деп санаймыз, - деді сотта облыстық ІІД өкілі Сержан Серғазин.

Сотқа қатысқан қаржы министрлігі өкілі ІІД-нен моральдық өтемақы өндіру туралы сот шешімін қолдайтынын айтты.

Сот осылайша ІІД мен Синявиннің шағымдарынан бас тартып, алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот отырысынан соң тараптар кассациялық шағым беретінін айтты.

XS
SM
MD
LG