Accessibility links

Египет сатып алған екі "Мистральдің" бірі Александрияға жетті


Сен-Назер портында тұрған "Мистраль" кемесі.

Сен-Назер портында тұрған "Мистраль" кемесі.

Франция Ресейге сатудан бас тартып, Египетке сатқан тікұшақ тасымалдайтын "Мистраль" класына жататын екі кемесінің бірі Александрияға жетті.

Египет телеарналары 23 маусымда тікелей десант кемесінің Египеттің солтүстік жағалауындағы Александрияның басты портына жақындап қалғанын көрсетті. Енді "Гамаль Абдкль Насер" деп аталатын кеме Францияның Атлант мұхиты жағалауындағы Сен-Назер портынан 12 маусымда шыққан.

Екінші кеме Александрияға қыркүйекте келеді деп жоспарланған. Кеме Египеттің қастандықтан қаза тапқан президенті Әнуар Садаттың есімімен аталмақ.

Әу баста Франция екі «Мистраль» кемесін Ресейге арнап құрастырған еді. Бірақ кейін, Украинадағы жанжалға байланысты Париж Мәскеуге ол кемелерді сатудан бас тартқан.

Францияға әрқайсысы 16 тікұшақ, төрт десант қайығы мен 13 танк алып жүретін құны 1,4 миллиард долларлық кемелер жасауға Ресей 2011 жылы тапсырыс берген. Ресей ол кемелерді "Владивосток" және "Севастополь" деп атамақ болған.

Египет екі кемені Сауд Арабиясының қаржылай көмегімен сатып алып отыр.

XS
SM
MD
LG