Accessibility links

Ұлыбритания: Референдумда ЕО-дан шығуды қолдайтындар алда тұр


Ұлыбританиядағы ЕО құрамынан шығу туралы референдум билборды (Көрнекі сурет).

Ұлыбританиядағы ЕО құрамынан шығу туралы референдум билборды (Көрнекі сурет).

Ұлыбритания телеарналары британдықтар 23 маусымда өткен референдумда елдің Еуропа Одағы құрамынан шығуын қолдады деп болжай бастады.

BBC 382 сайлау округінде берілген дауыстың 339-ындағы дауысты санағандағы нәтиже бойынша сайлаушылардың 52 пайызы Ұлыбританияның ЕО-дан шығуын қолдап, 48 пайызы қарсы дауыс берген деп болжайды.

ЕО-дан шығуды қолдайтындар өздерінің жеңіске жеткенін жариялап жатыр. Біріккен корольдік тәуелсіздік партиясының жетекшісі Найджел Фарадж "Біріккен корольдікте тәуелсіздік таңы атты! Егер болжам рас болса, ол барлық британдықтар үшін, мықты адамдар жеңіс болмақ!" деп мәлімдеді.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның көмекшісі Reuters агенттігіне елдің "беймәлім территорияда" тұрғанын айтты.

Англияның солтүстік-шығысындағы қалалардың көпшілігі ЕО құрамынан шығуын қолдаса, Шотландия мен Солтүстік Ирландия тұрғындарының көпшілігі одақ құрамында қала беруге дауыс берген.

Лондон тұрғындарының да көпшілігі ЕО құрамында қалуды қолдаған. Қаланың Ламбет ауданында сайлаушылардың 79 пайызы елдің одақ құрамында қалуын қолдаған. Референдумға елдегі сайлаушылардың 72 пайызы қатысқан.

Ұлыбританиядағы референдум Еуропадағы тәуелсіздікті қолдайтын қозғалыс көтеріліп келе жатқан өзге елдерде де осындай референдум өткізуге түрткі болуы мүмкін деген қауіп бар.

Ұлыбританиядағы референдумның экономикалық салдары да кәдімгідей. Британ фунт стерлингінің долларға шаққандағы бағамы бір тәулікте 31 жылда болмаған деңгейге дейін арзандады. 2016 жылдың басында фунт стерлингтің долларға шаққандағы бағамы 1,5 болса, бір тәулікте ол 1,35-ке дейін арзандады. Токио, Сеул, Гонконг және Сиднейдегі қор биржаларында индекстер референдум қорытындысына қарай 7 пайызға арзандады.

XS
SM
MD
LG