Accessibility links

Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесінде мүгедектер наразылығын айтты


«Халықты жұмыспен қамту орталығының» басшысы Асылжан Жамалбеков наразы топ сұрақтарына жауап беріп тұр. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.

«Халықты жұмыспен қамту орталығының» басшысы Асылжан Жамалбеков наразы топ сұрақтарына жауап беріп тұр. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.

Бүгін Шымкенттегі Орталық саябақта алғаш рет ұйымдастырылған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек жәрмеңкесінде жиырмаға жуық мылқау қыз-жігіт пен олардың ата-аналары «мылқаулардың жұмысқа орналасуы мүмкін емесін» айтып наразылық танытты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, таңғы сағат 10:00-де басталған еңбек жәрмеңкесіне келген мылқау азаматтар мен олардың ата-аналары арадан бір сағат өткенде наразылық танытты. Әуелі ұсынылған жұмыс орындарын аралап шыққан олар жұмысқа орналасудың қиын екенін айтты.

Үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі 23 жастағы мылқау баласын бірнеше жылдан бері жұмысқа орналастыра алмай жүрген Дана Саянқызының Азаттыққа айтуынша, баласына жұмыс іздеп есігін қақпаған мекеме қалмаған.

- Қазір еңбек жәрмеңкесінде жұмыс орнын ұсынып отырған дерлік барлық мекемеге барып, кері қайттық. Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жұмыс істеу үшін мекемелерге барамыз. Бірақ, баламның мылқау екенін естігеннен бәрі теріс айналады. Немесе 3-4 күннен соң жұмыстан босатады. Сонда біз қайда, кімге баруымыз керек? - дейді ол.

Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығының» басшысы Асылжан Жамалбеков өздерін дұрыс түсінуді" сұрады.

- Бізді дұрыс түсініңіздер, біз кәсіпорындарға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдауын сұрап, өтініш тастаймыз. Бірақ нақты мына кісіні жұмысқа қабылдаңыздар деп талап қоя алмаймыз. Біз бұл азаматтардың талап-тілектерін тыңдап, жазып алдық. Енді тиісті мекемелерге жеткіземіз, - деді орталық басшысы.

Бірақ Асылжан Жамалбектің жауабына наразы топ қанағаттанбады.

- Біз бұған дейін жұмыс берушілерге қайта-қайта барып, табанымыз тозған. Ең дұрысы мылқауларға арналған тігін цехын ашып берсе дұрыс болатын еді. Әйтпесе, осылай жүргеніміз жүрген, - дейді Дана Саянқызы.

Мылқау қыз-жігіттер ыммен бір-біріне қайда, қашан жұмысқа барғанын, алайда әлі күнге жұмыссыз жүргенін айтып жатты.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG