Accessibility links

Италия теңіз күзеті екі мың мигрантты құтқарғанын хабарлады


Жерорта теңізі арқылы Еуропаға қайықпен шыққан заңсыз мигранттар. 19 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Жерорта теңізі арқылы Еуропаға қайықпен шыққан заңсыз мигранттар. 19 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Италияның теңіз жағалауындағы күзет қызметі соңғы тәулікте Жерорта теңізінен әртүрлі қайықтарға шамадан көп тиелген екі мыңнан астам мигрантты құтқарғанын хабарлады. Бұл туралы мәлімдеген Италияның билік өкілдері заңсыз адам тасымалымен айналысатындардың соңғы екі күнде ауа райының қолайлы болып тұрғанын пайдаланып қалуға ұмтылып, белсенді іс-қимылға көшкендерін айтады.

Бейсенбіден бері теңіз арқылы Еуропаға бет түзеген жеті мыңнан астам адам жағаға жеткізілген, олардың көбі қатерлі сапарға Ливиядан аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі кезеңдегі ең ірі миграциялық дағдарыстың жалғасып жатқанына биыл үшінші жыл. Африканың солтүстігінен Италияға ағылып жатқан адам легі толастар емес.

Маусымның 24-і күні «Шекарасыз тілшілер» ұйымының, мигранттарға оффшорлық жәрдем станциясының, Италия әскери-теңіз флотының, Еуропа Одағының Frontex шекара агенттігінің және «София» заңсыз адам тасымалына қарсы миссиясының кемелері адамдарды шамадан тыс тиеп алған тоғыз қайықтан мигранттарды құтқаруға жәрдемдескен. Италия билік орындарының хабарлауынша, жыл басынан бері елге 60 мыңнан астам адам теңіз арқылы қайықпен келген.

XS
SM
MD
LG