Accessibility links

"Қаражамбасмұнайдың" бұрынғы жұмысшылары әкімге талап қойды


"Қаражамбасмұнай" компаниясының бұрынғы жұмысшылары Маңғыстау облысы әкімдігіне жиналып тұр. Ақтау, 27 маусым 2016 жыл.
"Қаражамбасмұнай" компаниясының бұрынғы жұмысшылары Маңғыстау облысы әкімдігіне жиналып тұр. Ақтау, 27 маусым 2016 жыл.

Ақтауда бүгін "Қаражамбасмұнай" компаниясының 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан соң жұмыстан шығарылған бірнеше жұмысшысы Маңғыстау облыстық әкімдігіне наразылық танытып барды. Әкім Алик Айдарбаевтың қабылдауын талап еткен топты бір сағаттан соң әкімнің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова қабылдады.

Компанияда бұрын жүргізуші болып істеген Талғат Қошаров пен машинист болған Елемес Ибрашевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, 2011 жылы жалақы төлеудегі айырмашылықтар мен бухгалтерлік есептеудің екі түрлі жүргізіліп жатқанын біліп, сол кездегі мұнайшылар құқығын қорғаған заңгер Наталья Соколовамен бірге ереуілге шыққан мұнайшылардан 15-тей адам осы уақытқа дейін жұмысқа орналаса алмаған.

- Біз ереуілге шыққан кезде жұмысқа қайта қабылдауды, жұмыста болмағанымыз үшін төленетін ақшамызды, басқа да коэффициенттерді төлеуді талап еткенбіз. Біз сол ереуіл болған алты жылдан бері "Қаражамбасмұнай" компаниясына жұмысқа қайта алуды талап етіп жиналып келеміз. Бірақ соңғы кезде бізге компания өкілдері бізді жауапқа тартамыз деп қорқытып, таратып жібереді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінде ереуілге шыққан мұнайшылардың талаптары дұрыс, жұмысқа алынсын деген. Біз соның орындалуын талап етіп облыс әкіміне келіп тұрмыз. Облыс әкімі бұған дейін қабылдамай қойған. Бейнеу ауданы, Шетпе, Жетібайдан, Жаңаөзен қаласынан жиналып отырмыз, - деді Талғат Қошаров.

Наразылардың айтуынша, Ильмұханбетова талаптарын тыңдап, әкім Алик Айдарбаевқа жеткізетінін ғана айтқан. Жиналғандар Ильмұханбетоваға екі апта ішінде мәселелері шешілмейтін болса аштық жариялайтындарын ескерткен.

Жиналғандар қолдарына Назарбаевтың Жаңөзен оқиғасынан соң ел алдына шығып, мұнайшылардың талаптары орынды, тілектері орындалуы керек деген сөзін ақ қағазға жазып ұстап жүрді.

2011 жылы «Қаржамбасмұнай» компаниясы мұнайшылары жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ереуілге шыққан еді. Оны «ӨзенМұнайГаз» компаниясы мұнайшылары қолдап, жеті айға созылған наразылық соңы 2011 жылғы желтоқсан айындағы «Жаңаөзен оқиғасы» деген атқа ие болған мұнайшылар мен полиция қақтығысына ұласқан болатын. Қақтығыста полиция қару қолданып, ресми мәлімет бойынша 17 адам қаза тауып, жүзден астам асам жараланған.

Мұнайшылар ереуілінен соң екі компанияда да технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармалары құрылып, оған жұмысқа ереуілге қатысқан мұнайшылар орналастырылған.

Қаражамбасмұнай кенішін игеріп отырған «Қаражамбасмұнай» компаниясында оның сервистік қызмет көрсететін «ТұлпарМұнайСервис», «АрғымакТрансСервис» мекемелерін қоса алғанда 7 мыңнан аса адам еңбек етеді.

XS
SM
MD
LG