Accessibility links

Бүкіләлемдік антидопинг агенттігі (WADA) Алматыдағы антидопинг зертханасының жұмысын төрт айға тоқтатқанын ​ресми сайтында хабарлады.

Төрт айдың ішінде Алматыдағы лаборатория тәртіптік кеңестік тексеру кезінде табылған олқылықтарды түзеп, тексеру жүргізу сапасын арттыруы керек.

Алматы антидопинг лабораториясының жұмысы 24 маусымнан бастап тоқтатылды. Егер WADA қойған талаптар орындалса, зертхана 24 қазанда қайта лицензия алады. Осы аралықта зертханадағы барлық сынамалар лицензиясы бар басқа орталықтарға жеткізіліп, сонда тексеріледі.

Алматы антидопинг зертханасы WADA шешіміне қатысты 21 күннің ішінде Халықаралық арбитраж сотына (CAS) шағым түсіре алады.

Осыған дейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Пекин мен Лондон олимпиадалары кезінде алынған сынамаларынан допинг табылғанын мәлімдеген. Лондонда алтын алған қазақ спортшылары Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың да сынамалары оң нәтиже берген. Бұл төрт атлет қазір жарыстарға қатысудан уақытша шеттетілген.

Cондай-ақ ауыр атлетикадан Хьюстондағы әлем чемпионатында жүлде алған Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев допинг қолданды деп айыпталып, медальдарын қайтарып берген. Қыдырбаев спорттан сегіз жылға, Өтешов төрт жылға шеттетілді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG