Accessibility links

Белсенді Әбжанның ісі бойынша алдын ала тыңдау кейінге қалды


Астаналық белсенді Махамбет Әбжан.

Астаналық белсенді Махамбет Әбжан.

Бүгін Астананың Сарыарқа аудандық қылмыстық істер сотындағы №2 сотында азаматтық белсенді Махамбет Әбжанның ісін қарау кейінге қалдырылды. Әбжан "билік өкіліне тіл тигізді", "билік өкіліне бағынбай, күш қолданды" деп айыпталып отыр. Сот отырысы Әбжанды қорғайтын адвокаттың сапарға шығып кетуіне байланысты шегерілген.

Белсенді биыл мамырда 200 мың теңге кепіл төлеп бостандыққа шыққан. Бұған дейін ол "ұсақ бұзақылық жасағаны" үшін әкімшілік қамауға алынғандар отыратын арнайы орында 10 тәулік отырған. Бірақ кейін оның үстінен "билік өкіліне тіл тигізді, бағынбай, күш қолданды" деген айыппен қылыстық іс қозғалған.

Бұған дейін Әбжан Азаттыққа өзі қамауда отырғанда полицейлер оны куәмен жүзбе-жүз беттестіргенін айтқан. Оған өзге алты полиция қызметкерін әкеліп, олардың бірі белсендіге "қалтасын жыртқанын" айтқан. Кейін белсендінің өзін ұстау кезінде бейәдеп сөз айтқаны туралы видео көрсеткен.

Махамбет Әбжанның өзі биыл мамырда қалалық прокуратураға шағымданып, өзіне "дене жарақатын салды" деген полицейлерді жауапқа тартуды сұраған.

Ол өзін ұстауды 21 мамырға белгіленген "жер мәселесіне" қатысты митингі туралы жазғанымен байланыстырады.

"21 мамырда жер реформасына қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді" деген ақпарат тараған соң мамырдың 17-сінен бастап 30-ға тарта адам ұсталып, 10-15 тәулікке дейін қамалған.

XS
SM
MD
LG